«Самұрық-Қазына» АҚ және «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басшылығы қуаттылығы 1000 МВт болатын бу-газ қондырғысы (БГҚ) негізіндегі электр станциясының құрылыс алаңына жұмыс сапарымен барды. Сапардың мақсаты – атқарылып жатқан жұмыстардың ағымдағы мәртебесін бағалау, инфрақұрылымның дайындығын тексеру және Қазақстанның оңтүстігін энергиямен қамту үшін стратегиялық маңызы бар жобаны одан әрі іске асыру бойынша негізгі шешімдерді келісу.
Нысанға «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі тең басқарушы директоры Бақытжан Таубаев, Инвестициялар және бизнесті дамыту департаментінің аға менеджері Нұрлан Бельгибаев, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Директорлар кеңесінің тәуелсіз директорлары Сая Мыншарипова мен Александр Милютин, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Энергетикалық және тау-кен активтері департаментінің аға менеджері әрі «Түркістан БГҚ» ЖШС Бақылау кеңесінің мүшесі Алексей Репин барды.
Алаңды аралау барысында делегация электр станциясы аумағындағы негізгі нысандарды, оның ішінде негізгі ғимаратты және сыртқы газбен жабдықтау инфрақұрылымын (соның ішінде салынып жатқан автоматты газ тарату станциясын) қарап шықты. Жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары кезеңінен негізгі технологиялық жабдықты монтаждаудың белсенді фазасына өтуіне ерекше назар аударылды.
«Біз жобаны іске асыруда негізгі кезеңге жеттік - БГҚ-ның негізгі жабдығын монтаждауға кірістік. Қазірдің өзінде станцияның “газ жүрегі” қалыптасты: генераторлары және басқару жүйесінің элементтері бар газтурбиналық агрегаттар орнатылды», - Түркістан БГҚ» ЖШС Басқарма төрағасы Ұлан Бүркітов атап өтті.
Аралау қорытындысында жобаның жиынтық кестесін қалыптастыратын бағыттар бойынша жұмыстар барысы ұсынылды. Құрылыс алаңына жабдықтың 80%-дан астамы жеткізілгені атап өтілді. Негізгі инфрақұрылымды дайындау қатар жүргізілуде: сыртқы газбен жабдықтау (автоматты газ тарату станциясын қоса алғанда) бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының дайындығы 94,1%, нысанға кіреберіс автожол 100%, электр беру желілері бойынша дайындық 52%. Негізгі алаңда құрылыс жалғасуда: темірбетон конструкциялары 77,05%, металл конструкциялар 19,09% деңгейінде.
Сапардан кейін тапсырыс беруші және бас мердігер – Doosan Enerbility (Корея Республикасы) және Integra Construction KZ (Қазақстан) құрамындағы консорциум өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Тараптар үйлестіруді қажет ететін мәселелерді және 2026 жылдың соңына жоспарланған алғашқы газ турбинасын іске қосуға дайындықты талқылады. Нәтижесінде жұмыс қарқынын сақтау және кестелердің орындалуын өнеркәсіптік қауіпсіздік пен құрылыс сапасы талаптарын қатаң сақтай отырып қамтамасыз ету тапсырылды.
![ТОО «ПГУ Туркестан» [KZ] ТОО «ПГУ Туркестан» [KZ]](/upload/CAllcorp3/3b3/qa5faean8ipo8cwwrxrhq0clxz2ljgco.png)