«Түркістан БГҚ» ЖШС құрылыс алаңында газ дайындау пунктінде гидравликалық сынақтарға дайындық жүргізілуде. Жұмыстардың барысы «Түркістан БГҚ» ЖШС Құрылысты бақылау департаментінің директоры Қуат Жылқыбаев, Doosan Enerbility, «Integra Construction KZ» ЖШС, техникалық және авторлық қадағалау өкілдері қатысқан өндірістік кеңесте тексерілді.
Қатысушылар құбыржолдарды байлау жұмыстары жүргізіліп жатқан газ дайындау пунктін қарап шықты. Бұл нысан табиғи газды газ турбиналарының талап етілетін параметрлеріне дейін дайындауға жауап береді: газды тазарту, қысымды реттеу, қыздыру, шығынды есепке алу, параметрлерді бақылау және газды БГҚ жабдығына қауіпсіз жеткізу.
Құрылысты бақылау департаментінің ҚМЖ жөніндегі жетекші инженері Абдушукур Абдирашитовтың айтуынша, қазіргі уақытта газ дайындау пунктінде гидравликалық сынақтарға дайындық жүріп жатыр.
«Газ дайындау пункті бойынша жұмыстар жоғары қарқынмен орындалуда. Бүгінгі таңда жалпы жұмыс көлемінің 85 пайызы аяқталды», - деп атап өтті Абдушукур Абдирашитов.
Бұдан кейін кеңеске қатысушылар бірінші энергоблоктың электрқалқан ғимаратының екі деңгейін қарап, алдыңғы өндірістік кеңестерде берілген тапсырмалардың орындалуын тексерді.
Бас корпуста №1 және №2 газ турбиналарының ауа қабылдау жүйелерін орнату жұмыстары жалғасуда. Ауа қабылдау жүйесі, немесе Air Intake System, тазартылған атмосфералық ауаны газ турбинасы компрессорына жеткізеді, шуды төмендетеді және жабдықты ластанудан, мұзданудан және ауа райы факторларынан қорғайды.
Бірінші энергоблоктың қалдық жылу қазандықтары учаскесінде негізгі түтін мұржасын сақина бойынша құрастыру жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ газ турбиналарын қалдық жылу қазандықтарымен түйістіру жұмыстары жүргізілуде.
![ТОО «ПГУ Туркестан» [KZ] ТОО «ПГУ Туркестан» [KZ]](/upload/CAllcorp3/3b3/qa5faean8ipo8cwwrxrhq0clxz2ljgco.png)