Қуаты 1000 МВт «Түркістан БГҚ» бу-газ электр станциясының сыртқы сумен жабдықтау нысанында төрт барлау ұңғымасынан топтық су тарту сынағы сәтті аяқталды. Мамандардың қорытындысы бойынша сынақтар жерасты суларының қажетті қоры бар екенін растады. Барлық ұңғыма бір мезгілде жұмыс істеген кезде су тұтқыш қабаттағы су деңгейінің төмендеуі тіркелмеді.
Станцияның өндірістік-техникалық және шаруашылық-ауызсу қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін тереңдігі шамамен 300 метр болатын жеті барлау ұңғымасын бұрғылау қарастырылған. Оның бесеуі технологиялық қажеттіліктерге, ал екеуі шаруашылық-ауызсумен жабдықтауға арналған.
Топтық су тарту сынағы бұрғылау жұмыстары аяқталғаннан кейін ұңғымалардың бірлескен өнімділігін және су тұтқыш қабаттың тұрақтылығын бағалау мақсатында жүргізіледі. Сынақ барысында мамандар төрт ұңғыманы бір мезгілде іске қосып, берілетін су көлемін, су арынын және жерасты сулары деңгейінің өзгеру динамикасын бақылап отырды.
Сонымен қатар шаруашылық-ауызсумен жабдықтауға арналған екі ұңғымадан жеке су тарту сынақтары аяқталды. Олардың нәтижелері де осы учаскедегі су тұтқыш қабаттың тұрақтылығын растады.
Қазіргі уақытта мамандар камералдық жұмыстарға кірісті. Алынған деректер өңделіп, техникалық есеп дайындалуда. Дайын құжат жерасты суларының пайдалану қорларын ресми түрде растау үшін жерасты суларының қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынылады.
«Түркістан БГҚ» сыртқы сумен жабдықтау жобасы үш кезеңде жүзеге асырылады: іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасын әзірлеу, ұңғымаларды бұрғылау, сондай-ақ электр станциясын сумен жабдықтау жүйесін құруға арналған инженерлік іздестіру және құрылыс-монтаж жұмыстарының кешенін орындау.
![ТОО «ПГУ Туркестан» [KZ] ТОО «ПГУ Туркестан» [KZ]](/upload/CAllcorp3/3b3/qa5faean8ipo8cwwrxrhq0clxz2ljgco.png)