«Түркістан БГҚ» және «KEGOC» АҚ болашақ электр станциясын Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне қосатын қуат беру нысандарының дайындығын бірлесіп тексерді. Негізгі мәселелер «Түркістан БГҚ» ЖШС Басқарма төрағасы Ұлан Бүркітовтің басшылығымен өткен өндірістік кеңесте қаралды. Кеңеске «KEGOC» АҚ «Оңтүстік ЖЭТ» филиалының директоры Ерлан Шалбаев, Doosan Enerbility өкілдері және «Integra Construction KZ» ЖШС бас директорының оңтүстік өңір бойынша орынбасары Бахтияр Көшкінов қатысты.
Қатысушылар 220 және 500 кВ ашық тарату құрылғыларын, жедел басқару пунктін және бірінші энергоблоктың электрқалқан ғимаратын қарап шықты. Станция пайдалануға берілгеннен кейін электр энергиясы дәл осы нысандар арқылы Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне жеткізіледі.
Негізгі назар құрылыс кестесінің сақталуына, жабдықтардың жеткізілуіне және кабель төсеу жұмыстарын жеделдетуге аударылды. «KEGOC» АҚ «Оңтүстік ЖЭТ» филиалының директоры Е.Шалбаев станцияны ұлттық энергожүйеге уақтылы әрі сенімді қосу үшін құрылыс кезеңінің өзінде жабдықтар мен қуат беру нысандарын дайындау жұмыстарын өзара үйлестіру маңызды екенін атап өтті. Консорциум өкілдері жобаға қатысушылармен бірлесіп құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқынын арттыруға бағытталған қосымша ұйымдастырушылық шешімдерді пысықтауда.
220 кВ АТҚ-да барлық 13 ажыратқышты орнату аяқталды, айырғыштарды монтаждау жалғасуда. Жедел басқару пунктінде кабель желілерін төсеу жұмыстары жүргізілуде: шамамен 4 шақырым күштік кабель төселді, бақылау кабелін төсеу жалғасып жатыр. Doosan Enerbility күштік кабельдердің 70 пайызы құрылыс алаңына жеткізіліп, монтажға берілгенін хабарлады.
«Егер жабдықтар мен материалдар алаңда болса және қауіпсіздік талаптары түнгі уақытта жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, тек күндізгі ауысыммен шектелудің қажеті жоқ. Күндіз үлгермесек, күндіз де, түнде де жұмыс істейміз», - деп атап өтті «Түркістан БГҚ» ЖШС Басқарма төрағасы Ұлан Бүркітов.
Кеңес қорытындысы бойынша жобаға қатысушыларға қуат беру нысандарындағы жұмыстарды жеделдетіп, құрылыс-монтаж, кабель төсеу және іске қосу-баптау жұмыстарын қатар жүргізу тапсырылды.
![ТОО «ПГУ Туркестан» [KZ] ТОО «ПГУ Туркестан» [KZ]](/upload/CAllcorp3/3b3/qa5faean8ipo8cwwrxrhq0clxz2ljgco.png)