Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ГФР ресми сапары аясында Берлинде «Ынтымақтастыққа жаңа серпін» Герман-қазақстандық бизнес-форумы өтті. Форумда сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев ірі инвестициялық жобалармен байланысты қазақстандық-германдық өнеркәсіптік құзыреттер орталықтарының желісін құруды ұсынды. Іс-шараға Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер де қатысты.
Форум аясында «Түркістан БГҚ» ЖШС Басқарма төрағасы Ұлан Бүркітов пен Siemens Energy компаниясының Қазақстан және Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Александр Золотухин энергетика саласы мамандарын даярлау бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға келісті. Бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарының бірі - Түркістан облысы Сайрам ауданында салынып жатқан электр станциясының алаңында құзыреттерді дамыту орталығын құру.
Орталықты мамандарды практикалық даярлау, біліктілігін арттыру, білім мен тәжірибе алмасу және персоналды сертификаттау алаңы ретінде дамыту көзделіп отыр. Оқу бағдарламаларын станцияда қолданылатын технологиялар мен жабдықтарға бейімдеу жоспарланған.
«Түркістан БГҚ» ЖШС қуаты 1000 МВт бу-газ қондырғысы негізіндегі электр станциясын салуда. Жобаның EPC-мердігері - Doosan Enerbility және «Integra Construction KZ» ЖШС консорциумы. Siemens Energy станция үшін төрт газ турбинасын, генераторларды, басқару жүйесін және электр энергиясын өндіруге, жабдықтарды қорғауға және қуатты желіге беруге қажетті басқа да жабдықтарды жеткізуде.
Siemens Energy өкілдері жеткізілген жабдықтарды монтаждауға техникалық қолдау көрсетіп, оларды іске қосу-баптау жұмыстарына дайындауға қатысуда. Бұл болашақ пайдалану персоналына станция іске қосылғанға дейін жабдықтармен және олардың жұмыс ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік береді.
Форум қарсаңында Ұлан Бүркітов Карлсруэ қаласындағы Siemens Energy Power Academy оқу орталығына барды. Ол орталықтың инфрақұрылымымен, техникалық мамандарды даярлау бағдарламаларымен және цифрлық тренажерлердің мүмкіндіктерімен танысты. Бұл тәжірибе тараптарға «Түркістан БГҚ» алаңында мамандарды практикалық даярлаудың тиімді форматын пысықтауға мүмкіндік береді.
Фото дереккөзі: Akorda.kz
![ТОО «ПГУ Туркестан» [KZ] ТОО «ПГУ Туркестан» [KZ]](/upload/CAllcorp3/3b3/qa5faean8ipo8cwwrxrhq0clxz2ljgco.png)